Мұнай өңдеу өндірісі азайды
2020 жылғы қаңтар – шілде аралығында елімізде мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға азайып, 10,2 млн. тоннаға жетті. Бұл туралы energyprom.kz сайты хабарлады.
Аймақтар арасында өндірістің 86,1 пайызы – қазақстандық МӨЗ жұмыс істейтін өңірлерде. Тізімде көш бастап тұрған Атырау облысы: 3,6 млн. тонна – былтырғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға аз, Павлодар облысы: 2,7 млн. тонна – өткен жылмен салыстырғанда, 13,8 пайыз аз, Шымкент: 2,5 млн. тонна – өткен жылмен салыстырғанда 15,4 пайызға аз.
Мұнай отыны, дистилляттар мен газойл өндірісі қаңтар – тамыз аралығында 8,1 млн. тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға қысқарған. Соның ішінде керосин шығару, мазут пен дизельдік отын өндірісі айтарлықтай төмендеген. Бұл ретте бензин өндірісі 3,3 пайызға көбейіп, 2,9 млн. тоннаны көрсетті.
2020 жылдың тамызында бензин өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға қымбаттаған.