Бір аптада 37 рет тәртіп бұзылды
10 қыркүйек – 31 қазан аралығында Жайық-Каспий бассейнінде браконьерлікке қарсы іс-қимылдың және балық пен оның өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған «Бекіре-2020» жедел алдын алу іс-шарасының күзгі кезеңі ұйымдастырылып өткізілуде. Бұл туралы Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Балық өнімдерін заңсыз тасымалдауды анықтау, автокөлік құралдарын тексеру, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда және Каспий теңізі, Жайық, Қиғаш өзендері жағалауы мен облыстың айналма жолдарындағы автокөлік құралдарының қозғалысын бақылау бойынша мобильдік топтар құрылды.
Іс-шара басталғалы балықтың заңсыз айналымына байланысты 37 құқықбұзушылық анықталып, олардан барлығы 195 келі балық, оның ішінде 61 келі бекіре тұқымдас балық пен 2 су құралы тәркіленді.
Атқарылған шара кезінде 2 қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ӘҚБтК-нің 383-бабы бойынша 35 хаттама толтырылып, оның ішінде 1 әкімшілік құжат сотқа жолданды.
Анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша 472 260 теңге айыппұл салынып, оның 125 010 теңгесі өндірілді.