Жаңа ауруханаға 300-ден аса маман қажет
Атырау облысында құрылысы жүріп жатқан модульді инфекциялық ауруханаға 300-ден аса медициналық маман қажет.
Денсаулық сақтау басқармасы басшыларының айтуынша, бірер айда ашылатын осы медициналық мекемені мамандармен қамтамасыз етуге әрекет жасалып жатыр. Алайда өңірдің өзіне 200-ге жуық дәрігер тапшы.
– Біздің міндетіміз – осы жаңа инфекциялық аурухананы дәрігерлермен, орта және кіші буын медициналық мамандармен қамтамасыз ету. Жуықта өңірге медициналық университеттерді бітірген 85 түлек келеді. Сондай-ақ, 11 резидент дайын. Олардың ішінде реаниматолог, анестезиолог, пульмонолог, инфекционистер бар. Дәрігер тапшылығы – аймақта жылдар бойы қордаланған мәселе. Оны шешуге біраз уақыт кетеді, – дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхан Байдувалиев.
Жалпы, Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласында 1 900-ге жуық дәрігер, 5 мыңнан астам орта және кіші буын медициналық маман бар. Басқарма басшыларының айтуынша, кадр тапшылығын шешу мақсатында медициналық мамандықтарға жергілікті әкімдіктің гранттарын көбірек бөліп жатыр.
Атырау қаласындағы модульді инфекциялық аурухананың құрылысы жақында басталды. 200 орындық емдеу мекемесі қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.