Құрбандықты онлайн шалуға болады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, осы жылғы Құрбан айт 31-шілдеге келіп тұр.
Сәйкесінше, 30-шілде – Арапа күні, 31-шілде мен 1-2 тамыз күндері – Құрбан айт.
— 22-шілде Зұлхижжа айы басталады. Зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті болып есептелінеді. Сондықтан осы кезде ынтамен ғибадат ету, көбірек ізгі іс істеу қажет. Арапа күні ораза тұту – сүннет, — деп мәлімдеді діни басқарма.
Бұған дейін басқарма төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров карантин режимінің ұзартылуына байланысты мешіттерде айт намазы оқылмайтынын айтты.
Алайда қазақстандықтар айтта құрбандықты қашықтан тапсырыс беру арқылы шала алады. Құрбандық малын 31-шілдеде таңнан күн батқанға дейін үш күн қатарынан шалуға болады.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Тағанұлының тапсырмасымен Qurban2020.muftyat.kz сайты жақын күндері іске қосылады.
Сайт арқылы қазақстандықтар ешқайда бармай-ақ құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады.
Жаңа сайттың тағы бір артықшылығы мұнда құрбандыққа шалынатын төрт түлік бағасымен қоса көрсетіледі. Сол жерден қажетті малды таңдап, тапсырыс бере аласыз. Ал сойылған малдың еті түгелдей қайырымдылыққа, яғни, мұқтаж жандарға үлестіріледі.