Аймақ - 22.12.2023

Кенбайда 26 шақырым электр желісі жаңартылды

Мұқыр селолық округіне қарасты Кенбай елдімекенінде 26 шақырым электр желісі жаңартылды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Қызылқоға ауданының Кенбай елдімекеніндегі электр желісі 1973 жылы жүргізілген. Кейінгі уақытта ауа-райының қолайсыздығына байланысты жарықтың жиі өшуі орын алып келген. Осыған орай электр желісін жаңартуға қажеттілік туындап, құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталған болатын. «Бейнеу газ» ЖШС мердігерлігімен құрылыс мерзімі 5 айға жоспарланған.

«Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бөлімінің басшысы Динара Қуанышеваның айтуынша, 2022 жылы сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Өзгерту енгізілген соң, 2023 жылдың сәуір айында жұмыс қайта басталған. Осылайша «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы АҚ-ның «Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы» (ЭЧ-4) мекемесіне қарасты Кенбай елді мекенінде 26 шақырым электр желілері жаңадан жүргізіліп, қараша айында аяқталған. Бүгінде 160 кВА трансформатор мен 10 кВ тарату құрылғысы (КРУ) орнатылды. Елдімекендегі 104 үй электр қуатына алдағы аптада қосылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Мұқыр ауылдық округінде халық саны 4914 болса, оған қарасты Кенбай елді мекенінде 140 тұрғын бар.