Атырауда қаржы пирамидасы бойынша 6 қылмыстық іс анықталды
Жыл басынан бері Атырау облысында қаржы пирамидасы бойынша 6 қылмыстық іс анықталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Қаржылық пирамида бабымен анықталған істер бойынша сотта қазіргі таңда «Казхоум» ұйымына қатысты қылмыстық іс-тергеу аяқталды. Сот үкімімен қаржы пирамидасын ұйымдастырған екі тұлға кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Анесов баспасөз брифингінде мәлім етті.
– Қазіргі таңда Республика көлемінде қаржы пирамидасының құрбаны болып, зардап шегіп отырған адамдар саны көбеюде. Оның басты себебі, халық арасындағы қаржылық сауаттылықтың төмендігі болып отыр. Өндірісте анықталып, тергеу жүргізілген қылмыстық істер өткен жылмен салыстырғанда едәуір көбейген, – деді Б.Анесов.
Сонымен қатар, екінші бір өзекті мәселелердің бірі – заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен күресу. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Мэлс Ақылбаев атап өтті.
– Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен күресу Қаржы мониторингі органдарының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осы жылы Департаментпен екі қылмыстық дерек анықталып, тергелді. Мәселен, Департамент қызметкерлерімен Атырау қаласында жасырын казиноны жүзеге асырған адамдар тобы анықталды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған жерді қарау барысында ақша қаражаттары, ойын фишкалары алынып, іс бойынша күдікті тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты, – деді М.Ақылбаев.
Естеріңізге сала кетейік, қаржы пирамидасының қатысушысы болу ұсынылған жағдайда, дереу құқық қорғау органдарына немесе Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің «Байқа пирамида» телеграмм ботынан кіріп қарау арқылы анықтауға болады. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігінің 14-58 сall орталығына хабарласу арқылы мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік бар.