Атырауда KPI зауыты полипропиленнің жаңа маркаларын өндірді
“Kazakhstan Petrochemical Industries Inc” газ-химия кешені полипропиленнің PP H270 FF/7 және PP H036 BF/7 деп аталатын жаңа екі маркасын өндірді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
PP H270 FF/7 маркасы – талшықтарды, тоқыма емес маталарды, термиялық және инемен тесілген маталарды, агротекстильдерді өндіруге арналған. Полипропиленнің бұл түрінен медициналық қорғаныс маскалар, медициналық халаттар, жол құрылысына арналған геоторлар және жеке күтім заттары жасалады.
Ал PP H036 BF/7 сұрпы – бұрын шығарылған PP h031 BF/7 маркасының фталатсыз аналогы. Бұл марка Еуропада үлкен сұранысқа ие. Өйткені, құрамында фтал қышқылы эфирі жоқ. Еуропалық сертификаттау органдары өнімдер мен азық-түліктердің орамасының фталатсыз болуын талап етеді.
Полипропиленнің PP H036 BF/7 деп аталатын түрі де тамақ және күнделікті тауарларға арналған полимерлі қабықшаны, пленканы өндіруге арналған. Мысалы, одан бөтелкелердің сыртындағы брендік жапсырмалар, қытырлақ қаптамалар және шоколадтың қабығы жасалады.
Осылайша KPI өнімдері SIBUR PolyLab стандартынан сәтті өтті. Жаңа маркалар еліміздің күнделікті өмірде қолданылатын полимер өнімдерін өндіретін әлеуетін кеңейтіп жатыр. Сондай-ақ, Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие жаңа маркаларды өндіру KPI-дің нарықтағы орнын нықтауға және өнім сату әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.