Аймақ - Экология - 18.12.2023

Атырауда «ЭкоТолқын» облыстық экологиялық фестивалі өтті

Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен Атырау облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «ЭкоТолқын» облыстық экологиялық фестивалі өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Оқушылар арасында табиғат ресурстарын қорғау, экосауаттылықтарын арттыру, эковолонтерлікті дамытуға негізделген форумға, аудан, қала және облыстық мектептердің 7-9 сынып оқушыларынан құралған командалар бақ сынады.

Фестиваль «Су, энергия ресурстарын қорғау, үнемді пайдалануды насихаттау» тақырыбында көрініс көрсету, «Қатты қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру» әлеуметтік видеоролик байқауы, «Эко-life» креативті экологиялық әлеуметтік жобалар байқауы болып үш бағытта ұйымдастырылды. «Қалдықтарды қайта өңдеу кешені», «Менің өлкемдегі туристік кешен», «Қалдықсыз мекен», «Су ресурсын тиімді қолдану» сынды тақырыптар байқау жобаларына ұйытқы болып ұсынылды.

Экологиялық фестиваль қорытындысына сәйкес «Қатты қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында әлеуметтік видеоролик байқауы бойынша Индер ауданы М.Сиранов орта мектебінің оқушысы Мансур Темір бірінші орынды иеленді. Исатай ауданы Оқушылар үйінің «Театр әлемі» драма үйірмесіне екінші, Атырау облысы Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия оқушыларына үшінші орын бұйырды.

«Эко-life» креативті экологиялық әлеуметтік жобалар байқауы бөлімі бойынша Атырау қаласы Білім инновациялық қыздар лицейі оқушылары Нұрбибі Асқар, Перизат Қуандыққызы мен Сабина Жанай үздіктер мінберінен көрінді. Ал, Жылыой ауданы №20 орта мектеп оқушылары Жаннұр Нұрсұлтанқызы мен Зада Бақытжанқызы екінші орын, Индер ауданы М.Әуезов атындағы орта мектебінің оқушысы Нұрмұхаммед Есенгелдіұлы үшінші орынды еншіледі.

«Су, энергия ресурстарын қорғау, үнемді пайдалануды насихаттау» тақырыбында көрініс байқауы бөлімі бойынша Қызылқоға аудан Жаңашаруа қазақ орта мектебінің «Жас талант» оқушылар театры жеңімпаз атанса, жүлделі екінші орынды Жылыой ауданы №20 орта мектеп оқушылары, үшінші орыны Махамбет ауданы Қ.Қалыбеков атындағы орта мектеп оқушылары иеленді.