«Халелдің ізімен…» атты зерттеу-жинақ жарық көрді

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен қазақтың біртуар перзенті, Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай өлкетанушы, археолог Сейілхан Аманқұлұлы Мираштың «Халелдің ізімен…» атты зерттеу-жинағының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Бұл зерттеу жинағы бар ғұмырын Алаш жұртының игілігіне арнаған, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай өмірінің кейбір беймәлім тұстарын ашуға арналған.

ХХ ғасырдың басында «Халел ставкасы» атауымен белгілі болған тарихи орынның пайда болуы және сол өлкенің қысқаша тарихы жөнінде жазылған мақалалар топтастырылған. Х.Досмұхамедұлының өмірі мен туған жеріндегі оған тікелей қатысты мекендер мен жер-су атауларына қатысты соңғы кезеңде жиналған деректер жазылған.

Бұл кітапта Қызылқоға өңіріндегі Батыс Алашорда үкіметіне байланысты тарихи орындарға кешенді түрде этноархеологиялық зерттеулер жүргізуге де ұсыныстар бар екені көрсетілген.

Кітаптың тұсаукесер лентасын Атырау облысы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов пен кітаптың әдеби редакторы, облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Назарбек Қосшиев кесті.

Іс-шарада аталған кітаптың әдеби редакторы Назарбек Қосшиев, Атырау облысы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, «Халел ставкасы» археологиялық экспедицияның жетекшісі, археолог Айбек Тұрарұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Серік Қуаныш, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин сөз алып жылы лебіздерін білдірді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ҚР Мемлекеттік орталық музейінің басшысы Рашида Харипованың құттықтау хаты оқылды. Кітап авторы Сейілхан Мираш «Халелдің ізімен» зерттеу жинағына кеңінен тоқталып келген қонақтарға өз ризашылығын білдірді.