Көптің көңілінде – көгілдір отын

Атырау қаласы әкімінің төрағалығымен қала аумағындағы кейбір ықшамаудандар мен елдімекендердегі табиғи газ қысымының төмендеу мәселесі бойынша жиын өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Жиынға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Кенжеғалиев, Атырау қаласының төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ғ.Бабаев, Төтенше жағдай және әскери жұмылдыру жұмысы бөлімінің басшысы Ж.Досқалиев, ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Қ.Хабиев және ауылдық округ әкімдері мен «109» бірыңғай байланыс орталығының басшысы қатысты.

Айта кетейік, қазіргі таңда қалаға қарасты кейбір аумақтарда табиғи газ қысымы төмендеп, қала тұрғындарының шағымдары негізінде газ қысымы төмендеген аумақтарға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесі тарапынан құралған жедел көмек көрсететін 5 бригада қызмет көрсетуде.

– Күннің күрт салқындауы әсерінен қала аумағында табиғи газ қысымының төмендеуі анықталды. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының мәліметіне сәйкес, жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлердің мекемесінде газ қысымы түсуінің басты себебі – мекеме мен тұтынушылардың арасында қызмет көрсету келісімшарт болмауы, уақытылы тексеру жұмыстары жүргізілмеуі, жазғы, қысқы режимге ауыстырылмауы салдарынан болып отыр. Сондықтан, біздің тараптан қандай да бір көмек, ақпараттандыру жұмыстары қажет болса ұйымдастырылатын болады. Себебі, бұл – ортақ жұмыс. Қысқы жылыту маусымында бірде-бір үй жылусыз, жарықсыз немесе сусыз отырмауы қажет, – деді қала әкімі Шәкір Кейкин.

Бұдан бөлек, қала әкімі округ әкімдері мен жауапты мамандарға «109» бірыңғай байланыс орталығынан, «Атырау облысы әкімдігі» телеграм-чатынан және әлеуметтік желілерден келіп түскен өтініш-шағымдарды қадағалап, кері байланыс орнатуды күшейту қажеттігін атап өтті.