«Мұнар да мұнар, мұнар күн»: синоптиктер болжам жасады

Атырауда кешелі-бері күн райы бұзылып, қала аумағын шаң басты. Синоптиктердің сөзіне сенсек, мұндай дауыл бүгін де болады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Секундына 15 метр жылдамдықпен соққан жел тұрғындардың жүріп-тұруына кері әсерін тигізуде. Әсіресе, шаңды дауыл мен ауа температурасының -12 градусқа дейін төмендегені елді әбігерге салып қойды.

«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының ауа райын болжау бөлімінің мәліиетінше, желдің ұйытқуы қалада 15-20 м/сек, облыста 23 м/сек-қа дейін көтерілуі мүмкін.

– Жел оңтүстік-шығыстан соғып, облыстың басым бөлігінде 15-20 м/сек, оңтүстігі мен шығысында 23м/сек жылдамдықпен соғады. 16 желтоқсаннан бастап Атырау облысында төменгі қысым аймағында атмосфералық фронттардың өтуімен тұрақсыз ауа-райы күтіледі. 16-17 желтоқсанда жауын-шашын жауып, тұман, көктайғак болуы ықтимал. Ауа температурасы түнде –3-8, күндіз 0-5 аяз шамасында болмақ. Сондай-ақ, желдің жылдамдығы оңтүстік-шығыстан солтүстік-шығысқа ауысып, 2-7 м/сек жылдамдықпен соғады деп күтіледі, – деді Айна Қазғұлова.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары тұрғындарға мүмкіндігінше далаға шықпау туралы кеңес береді.

– Әсіресе, бронх демікпесі, аллергиялық ринит, аллергиялық конъюнктивит, тамақтың қышынуымен жүретін жөтел, бронхит, бронхтың гиперреактивтілігі және басқа да созылмалы респираторлық аурулары бар адамдарға көшеге шықпау қажет. Өйткені мұндай ауа құрамында шаңмен бірге, өсімдік тозаңдары, замбұрық споралары өте үлкен концентрацияда болады. Сондықтан аурулары бар адамдар дәрігер кеңесімен аллергияға қарсы дәрі-дәрмектің дозасын асыру керек болады. Көшеде серуендеу кезінде міндетті түрде медициналық маска киіп, оларды әр екі сағат сайын ауыстырыңыз. Кішкентай балаларға, жүкті әйелдерге және қарт адамдарға да мұндай жағдайда сақ болу ұсынылады, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.