Ауыл шаруашылығын дамытуды Аустралиядан үйренбек

Деректердің дұрыстығын және толық биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Аустралиядағы ауылшаруашылық жануарларын қадағалаудың электрондық жүйесінің тиімділігі агробизнес өкілдерінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдіктері өкілдерінен құралған қазақстандық делегацияның жіті зерттеу нысанына айналды. Делегацияны вице-премьер Серік Жұманғарин басқарды.

Аустралияда халықаралық эпизоотиялық бюрода тіркелуге жататын адам үшін қауіпті мал аурулары (аусыл, бруцеллез, сібір жарасы және т.б.) мүлдем кездеспейді. Тек кейбір аймақтарда жылқылардың құтыруына ұқсас вирус бар. Алайда вакциналаудың арқасында індет толық ауыздықталады.

Биологиялық қауіпсіздіктің бұл деңгейіне көбінесе жануарларды сәйкестендіру мен қадағалаудың электронды жүйесі арқылы қол жеткізілді. Әрбір фермердің, әрбір қасапхананың, бордақылау алаңының жеке сәйкестендіру нөмірлері болады, оларға өз кезегінде жануарлардың нөмірлері бекітіледі және олардың барлық қозғалысы тіркеледі. Бүгінде электронды биркалаумен Аустралияның ірі қара малының барлық табыны қамтылған, ұсақ мал – визуалды түрде бақыланады, алайда, 2025 жылға қарай барлық мал басы электрондық жүйеге енгізіледі деп жоспарланған. Аустралиялық мамандардың айтуынша, мұндай жүйе ветеринария үшін өте маңызды, өйткені жануар ауырған жағдайда оны оңай оқшаулауға болады.

– Аустралияда жеке және мемлекеттік ветеринарлық қызметтер арасында нақты айырмашылық бар. Жекеменшік ұйым маманы малды тексеруге және емдеуге жауапты және фермерлердің шақыруы бойынша жұмыс істейді. Ал мемлекеттік ветеринарлық қызмет Аустралиядағы қауіпсіздікті қадағалауға және халықаралық нарықтардағы сұраныстарды бақылауға жауапты. Сондай-ақ ірі көлемде індет орын алған жағдайда ветеринарлар ауру себептерін тексеруге де қатысады. Бізде ХЭБ-те тіркелетін аурулардың жоқтығына қуанамыз. Менің ойымша, Аустралия континент болғандықтан және тарихи тұрғыдан жануарлардың ауруларын бақылау бізге оңай болды. Бұл үшін бізде барлық әдіс бар, – деді Қазақстан делегациясына Аделаида университетінің профессоры Шон Миллер.

Делегация саланы дамытудың басқа да мәселелерін пысықтады. Белгілі болғандай, Аустралияда мемлекет іс жүзінде ауыл шаруашылығын қолдау шараларын ұсынбайды. Пайдаланылатын отынды субсидиялау бар, алайда бұл сирек кездесетін жағдай. Мемлекеттік органдардың рөлі – елдің мүдделерін халықаралық нарықтарда ілгерілету, фермерлерді оқыту және ақпараттандыру, сондай-ақ, елдік ауқымда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Мұндағы мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы толығымен нарыққа негізделген, баға құбылмалылыққа ұшырайды, өйткені, олар ауа райы жағдайына да байланысты. Жалпы алғанда, салаға климаттық құрғақшылықтың жалпы тенденциясы әсер етеді: шаруашылықтарды ірілендіру үрдісі байқалады.

– Аустралияда болғанымызда біз мал шаруашылығын тиімді дамыту әдістерін зерттедік. Әлемдік экспорт нарығындағы бәсекелестік жоғары және Қазақстан өз орнын алуы үшін біз еттің өзіндік құны төмен мал өсіруіміз керек. Біз бұл елде ауылшаруашылық жануарларының тарихын толық бақылауға болатынын көреміз: төл алған және сәйкестендіру сәтінен бастап мал биржасында сатуға немесе союға дейін қойылған. Біздің республикада малды өткізу, сатып алу, әкету, әкелу және т.б. кезінде карантинге жатқызу ережелері қолданылады. Бұл жерде мұндай жағдайларда карантин жоқ», — деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.