Палестинаға көмек жіберіп, азаматтарымызды алдыртамыз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен және «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігімен бірлесіп Палестина халқына арнайы ұшақпен гуманитарлық көмек жүгін жеткізді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Аталған бортпен Қазақстанға Газа секторынан эвакуацияланған 28 адам – ҚР азаматтары мен олардың отбасы мүшелері елге жеткізіледі. Барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтарға қажетті құқықтық, медициналық және өзге де қолдау көрсетілетін болады. Бұған дейін 17 қарашада жалпы саны 99 адамнан тұратын азаматтардың бірінші тобы сәтті эвакуацияланған еді.
Жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардан тұратын гуманитарлық көмек Мысырдың «Қызыл Жарты Ай» қоғамына тапсырылды. Палестиналық босқындарға көмектесу және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігі Мысыр билігімен бірлесіп қазақстандық көмекті мұқтаж палестиналықтарға жеткізеді.
Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы ретінде осы ұйымның мүшесі Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек көрсетті.