Индер ауданының коммуналдық саласы жаңа техникаларға ие болды

Индер аудандық мәдениет үйінің алаңында аудан әкімі Д.Шамұратов ауданның коммуналдық мекемелеріне жаңадан 16 техника табыстады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Оның ішінде Индербор кенті және барлық ауылдық округтердің тазалығын қамтамасыз ету бағытында 9 дана «Беларусь» МТЗ тракторы, Индербор кенті әкімінің аппаратына «LOVOL» фронталды жүк тиегіш автокөлігі және 2 дана «Маз» қоқыс тасуға арналған техникасы, «ИндерСу» ШЖҚ КМК мекемесіне «Камаз-манипулятор», «Hidromek» эксковатор, «Камаз» лайсорғыш және «Камаз» вакуум техникалары пайдалануға берілді.

– Міне, облыс басшысы Серік Жамбылұлының қолдауымен ауданымыздың коммуналдық және санитариялық тазалық жұмыстарына 16 жаңа техника табыстағалы отырмыз. Өздеріңізге белгілі, өткен қыс мезгілінде қардың қалың түсуіне байланысты кент және ауылдық округтерде техниканың жетіспеушілігі, қолдағы техниканың тозуынан көптеген қиындықтардың болғаны белгілі. Сол кездегі қиындықтарды өздеріңіздің және барлық коммуналдық сала қызметкерлерінің қажырлы еңбектерінің арқасында бірге еңсеріп, бүгін міне, пайдалануға берілетін жаңа техникалар коммуналдық қызметтердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді деп сенеміз.

Ендігі кезекте коммуналдық мекеме қызметкерлері бұл техникаларды ұқыпты пайдаланып, жанашырлық пен жауапкершілік танытсаңыздар, бұл техникалар алдағы уақытта да аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін болады, – деді аудан әкімі Дарын Шамұратов.

Айта кету керек, биыл ауданның техникалық базасын нығайту үшін табысты жыл болды. Өткен айда ауданның ветеринария саласына жаңадан 5 дана «HAVAL» автокөлігі, медицина мекемелеріне 5 дана «Газ-Соболь» автокөліктері және ауданның дербес бөлімдеріне 3 дана «Chevrolet Cobalt» және 1 дана «Chevrolet Travel» автокөліктері табысталды.

Бұдан бөлек, келесі аптада тағы бір жаңа техника Камаз автокөлігінің базасында жасалған кәріз желілерін тазалайтын техниканы пайдалануға беру жоспарлануда.