Аймақ - 11.12.2023

Құрманғазыда қоқысқа арналған контейнерлер орнатылуда

Құрманғазыда ауылдарға контейнерлер сатып алынып, қатты қалдықтарды сұрыптау қондырғысы орнатылуда. Аудан әкімінің баспасөз қызметі 230 дана қоқыс контейнерлері және 150 дана бөтелкелерге арналған торлы контейнерлер алынып, қажеттілікке байланысты сұратылған ауылдық округтерге беріліп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Бұдан бөлек, Құрманғазы ауылындағы қоқыс алаңы жанынан осы жылдың күзінде ангар қондырғысының құрылысы аяқталған еді. Енді, міне, аталған ангар ішіне тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау қондырғысы сатып алынып, қондыру жұмыстары жүруде.

Құрманғазы ауылындағы қоқыс алаңы ауылдан 1,5 шақырым жерде орналасқан, жер көлемі – 13,65 га. Жер телімі аудан әкімдігінің қаулысымен аудандық тұрғынүй, коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне берілген.

Аталған қондырғы толықтай орнатылып, қолданысқа осы жылдың желтоқсан айының аяғында тапсырылады. Қазіргі таңда қоқыс полигонына инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымын салу үшін жобалаушы мекемемен келісімшарт жасақталып, жобалық сметалық құжаттамасы рәсімделуде.

Аудан басшысы Абат Сайфоллаұлы сұрыптау қондырғысын орнатушы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарымен танысты.