Күзетшіден есірткі табылды
Атырауда күзетші болып жұмыс істейтін күдікті есірткі тасымалдаған, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
15 қараша күні Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары кезінде қала аумағында есірткі заттарын сақтаған деген күдікпен Жайық өзені жағасында 1982 жылы туған қала тұрғынын анықтады.
Тексеру кезінде күдіктінің сырт киімінен және тіркелген мекен-жайынан 15 орама және қала аумағында жасырған 4 орамадағы есірткі табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, тексеру барысында күдіктінің қала аумағындағы мекемелердің бірінде күзетші болып жұмыс істеп, жұмыстан бос кезінде синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісі арқылы пайда таппақ болғаны анықталды.
Сараптамаға сәйкес тәркіленген заттар 80-нен астам доза болатын 25,10 грамм мефедрон синтетикалық есірткісі екені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 297-бабы, 3-бөлігі 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.