Мәдениет - 08.12.2023

Атырауда Халықаралық суретшілер күніне арналған «Қылқалам шебері» көрмесі өтті

Облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде 8 желтоқсан — Халықаралық суретшілер күніне орай «Қылқалам шебері» атты музей қоры туындыларынан көрме өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Іс-шара жас буынның сурет өнері туралы, суретшілер жөнінде білімдерін жетілдіріп, музей қорындағы суретшілердің туындыларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Жиында Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қазақ тілінде экскурсия жүргізушісі Айда Дүйсенғали мәдениетімізді насихаттауда суретшілердің туындылары зор үлкен қосатынын айтып өтті.

– Халықаралық суретшілер күні 2007 жылы әлемдік ауқымдағы әлеуметтік мәні бар іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген болатын. Осы кәсіби мереке аясында біз жыл сайын шаралар ұйымдастырып отырамыз. Бүгін де соның қарсаңында музей қоры туындыларынан көрме өтуде. Мұнда республикаға танымал және жергілікті тұлғалардың бірқатар туындылары қойылды. Ең басты мақсатымыз — өскелең ұрпақты, соның ішінде, мектеп оқушылары мен студенттерді өнерге баулып, музейге деген қызығушылықтарын арттыру. Сондай-ақ суретшілердің өмірбаяны мен шығармашылығын таныстырып, терең мағлұматтар бермекпіз. Жалпы, ұлт мәдениетін зерделеуде бейнелеу өнері үлкен ықпал етеді, – деді А.Дүйсенғали.

Көрмеге М.Дәулетияровтың «Таңғы Жайық», Ә.Жантасовтың «Абай лирикасы», А.Оспановтың «Сандуғаш», Ш.Гулиевтің «Мен сенің күніңмін», «Ұшу», К.Жапалованың «Балық әуені», С.Кәрібайдың «Атырау көрінісі» және Ж.Аралбаевтың «Қалыңдық» пен Д.Оразахановтың «Көне шаһар» секілді туындылары қойылды.