Жылыой ауданында «STEAM FAIR ZHYLYOY» фестивалі өтті
Жылыой ауданында алғаш рет «STEAM FAIR ZHYLYOY» ғылыми-білім беру фестивалі өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, фестиваль ғылымды және заманауи технология мен робототехниканы насихаттауға және STEAM білім беруді дамыту мақсатында өткізілді.
Фестивальға Қазақстанның түкпір-түкпірінен шақырылған спикерлер қатысты. Олардың ішінде AIFC бұрынғы басшысы, физика олимпиадасынан әлем чемпионы Ернұр Рысмағамбетов, STEAM мектептеріндегі медиа менеджмент саласындағы сарапшы Әнуар Ұнайбеков, Urban School директоры, COSMOS NPIO КЕҰ директоры Александр Лукашевич бар. Спикерлер баланың дамуына қандай фактордың әсер ететіні, Contest based learning әдістемесі деген не және бәсекелестіктің жеке қасиет пен білімді жақсартуға қалай ықпал ететіні туралы айтты. Одан бөлек, Marwel мен Disney-ді қазақша сөйлеткен Шахмұрат Ордабаев оқушыларға медиадағы қазақ тілінің маңызын сөз етті.
Фестиваль аясында FIRST робототехника жарысының облыстық кезеңі өтті. Бұл жерде үздік шыққандар FIRST Global Challenge деп аталатын халықаралық турнирге қатысады. Фестиваль кезінде 10–16 жас аралығындағы балаларға арналған турнир де ұйымдастырылып, сайыстың республикалық кезеңіне Seventeen және абсолютті жеңімпаз атанған «Азиза» командасы жолдама алды.