Теңіз ауылында экотимбилдиң өтті

Құрманғазы аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Атырау облыстық «Жаныңдамын» қоғамдық қоры Теңіз ауылдық округінде экотимбилдиң өткізді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Ауыл тұрғындарының экобелсенділігін дамыту, қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеу, жастар арасында демалыс ұйымдастыру, олардың бір-бірімен жақсы танысып, жете білісе түсуіне жағдай жасауды мақсат тұтқан экотимбилдиңге 50-ге тарта жас қатысты.

Іс-шараның ашылуында Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шынболат Мусин сөйлеп, жастарды қоршаған ортаны қорғауға, оны таза ұстауға атсалысуға шақырды.

– Бұл шара қоршаған ортаны, Отанымызды, туған жерімізді сүюге, экологиясын таза ұстауға тәрбиелейді. Көбіне мектеп жасындағы балаларға ұйымдастыратын едік. Бүгінгі іс-шара берілген тапсырма бойынша 18–35 және одан да жоғары жастағы аудан тұрғындарының белсенділігімен жүзеге асты. Өз көшеңіздің, ауылыңыздың экологиясын жақсартуға септігіңізді тигізулеріңізді сұраймыз, – деді Атырау облыстық «Жаныңдамын» қоғамдық қорының директоры Мира Есниязова.

Округ әкімі Қайсар Мақсот пен облыстық «Жаныңдамын» қоғамдық қорының директоры Мира Есниязова бастаған жастар Теңіз ауылының көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындар аулаларының алдына шығарып қойған және көше бойындағы қоқыстарды жинап, тіркемелі тракторға тиеді. Нәтижесінде 15 тонна қоқыс шығарылды.

Іс-шараның екінші бөлігі кофе-брейкке, лотерея мен көңілді ойындар ұйымдастыруға, сенбілікке қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттауға ұласты.