Білім - 05.12.2023

Грантта оқығысы келгендер 12 желтоқсанға дейін құжат тапсыруы тиіс

Еліміздегі ЖОО-ларда магистратураға түсу үшін грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12–19 желтоқсан аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 21 желтоқсаннан кейін жарияланады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Магистратураға түсушілер 3,8 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады. Оның ішінде «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» даярлау бағытына 1 758 грант, Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға» 569 грант, «Педагогикалық ғылымдарға» 469 грант, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстарға» 461 грант бөлінген.

Болашақ магистранттарды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына қабылдау 2023 жылғы 26 желтоқсан мен 2024 жылғы 10 қаңтар аралығында жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетсек, 2–8 желтоқсан аралығында кешенді тестілеу өтуде. Жалпы, тестілеуге 8 мыңнан астам өтініш қабылданды.