Мұқырда 100 млн теңгеге жөнделген саябақ ашылды
Мұқыр селосында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында толықтай күрделі жөндеуден өткен орталық саябақ пайдалануға берілді. Жоба құны 100 млн 797 мың теңге болғанын естеріңізге саламыз, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімеиінше, жаңарған саябақтың ашылу салтанатына аудан, округ әкімдері, ауыл тұрғындары қатысты.
– Жаңа кейіпке енген орталық саябақтың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Негізгі саябақ осыдан 40 жыл бұрын ашылған еді. Осынша жыл ішінде талай тарихи сәтке куә болған орталық саябақты бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өткізіп, игіліктеріңізге ұсынғалы отырмыз, – деді аудан әкімі Қ.Әзмұханов.
Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Қанзиба Бөлекбаева аудан басшысына Мұқыр ауылында жасалып жатқан тың серпілістер үшін өз ризашылығын білдірді.
Саябақ ішінде демалыс орындары, мерекелік шаралар өткізуге арналған сахна, ІІ дүниежүзілік соғыстан оралмаған жауынгерлерге арналған обелиск және жергілікті майдангерлердің аты-жөндері жазылған тақтасы жасақталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы басталғалы бері соңғы үш жылда ауданда 17 жоба іске асырылып отыр. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласындағы 8 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын, ауылішілік жолдар бойынша 2 көлік инфрақұрылым нысанын салуға және 7 нысанды реконструкциялауға және жөндеуге мүмкіндік берді.