Атыраулық жастар әскерге баруға ынталы емес

Биыл көктемде Атыраудан әскерге аттанғандардың саны 595-ке жеткенмен, талап бойынша 633 жас сарбаздар қатарын толықтыруы тиіс еді. Күзгі науқан кезінде де дәл осындай жағдай қайталанып отыр. Яғни, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады деген 652 жігіттің 492-сі ғана сапқа тұрған, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Қоғамдық кеңес отырысында Атырау облысы Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Есмұхан Қажкеновтың мәлемітше, әскерге аттанғандардың бәрі ҚР Қарулы күштері, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, ТЖМ және Ұлттық Ұланның әскери бөлімдеріне барған.

— Осы жылдың көктемінде жүктелген 633 адамнан 595 азамат әскерге шақыртылды. Бұл – жүктеменің 94% орындалып отырғаны. Ал күзгі шақырту 652 сарбазды құраса, күні бүгінге дейін 492 азамат әскерге жөнелтіліп, жоспар 75%-ға орындалды. Жүктеменің толық орындалмауының басты себептері – жастардың әскерде қызмет етуге ынтасының болмауы және денсаулық жағдайларына байланысты, – деді Е.Қажкенов.

Айта кетейік, биыл облыс бойынша әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен қамтамасыз ету іс-шараларына жергілікті бюджеттен 124 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.