Индер ауданының әкімі жергілікті белсенділердің басын қосты
Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов аудандық мәдениет үйінде қоғамдастық жиынының мүшелерімен кездесті. Жиынға аудан көлеміндегі 10 елдімекеннің қоғамдастық өкілдері қатысып, ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Аудан әкімі аппараты баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын барысында Өрлік ауылдық округінің қоғамдастық жиын мүшесі Т.Шманов қаделердегі дастарқан мәзірі, ауылдарда мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бағытында кездесулерді көбейту мәселелерін көтерсе, Жарсуат ауылының қоғамдастық мүшесі Т.Азанов мал басын бірдейлендіру және жер салығына қатысты проблемаларды ортаға салды. Ал Өрлік ауылынан Х.Жәрдемов еңбек адамдарын ұлығылау және жер мәселелері туралы ойларын іркіп қалмады.
Сондай-ақ, Есбол ауылынан Ө.Жалғасбаев, Б.Иманғалиев, Индербор кентінен Қ.Ғабсаламов, Бөдене ауылынан Ә.Мусағалиев, Б.Шыңғазиев, Елтай ауылынан Т.Серікқалиев, Қайсағали елдімекенінен М.Мұхамбетқалиев, Ынтымақ ауылынан Қ.Қалимов сөз алып, ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді айтып, келешекте кездесуі мүмкін кедергілердің алдын алуға бағытталған ұсыныстарын ашып айтты.
Жиын соңында аудан әкімі Дарын Шамұратов барлық елдімекеннен келген қоғамдастық мүшелеріне жергілікті атқарушы органмен бірлескен жұмыстары үшін ризашылығын білдіріп, белсенділік танытып жүрген бір топ адамға алғысхат табыс етті.