Аймақ - 01.12.2023

Қызылқоға әкімдігінде кәмелетке толмағандар мәселесі талқыланды

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Жиында мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын арттыру, кәмелетке толмағандарды радикалды топтардың анти-қоғамдық әрекеттеріне және басқа да заңсыз іс-әрекеттерге қатысуын болдырмау туралы тақырыптар көтерілді.

– Ауданда 1231 мүгедектігі бар жан болса, оның 96-і – I топ, 468-і – II топ, 532-і – III топтағы мүгедектер. Олардың 135-і – бала жасынан мүгедектігі барлар. Осы санаттағы аудан тұрғындарына қолайлы және кедергісіз орта қалыптастыру үшін 2017 жылдан бастап «жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымның күндізгі бөлімшесі» ашылып жұмыс жасауда, – деді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Ғазезова.

Күн тәртібінің бірінші мәселесіне сай қосымша баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің бас маманы Б.Нұғыманованың айтауынша, ауданда ерекше білімді қажет ететін 123 бала болса, дәрігерлік комиссия кеңесінің шешімімен денсаулығына байланысты 25 бала үйден оқып білім алуда. Үйден оқитын балалар арнайы бағдарламамен оқытылады. Одан өзге, ауданның 18 мектебі пандуспен, 15 мектеп 18 дәретханамен, 13 мектеп көру қабілеті нашар жандар үшін тактильді жолдар мен ұстап жүру жабдықтарымен қамтылған көрінеді.

Сонымен қатар, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының демеушілігімен Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің жанынан инклюзив кабинеті ашылады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, комиссия отырысында кәмелетке толмағандарды радикалды топтардың анти-қоғамдық әрекеттеріне және басқа да заңсыз іс-әрекеттеріне қатысу мәселесі талқыланды. Осы тақырыпта аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Ақтаев пен аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Найля Еспағанбетова баяндама жасады.

Отырыста қаралған мәселелерге сәйкес комиссия төрағасы жасөспірімдер атқаратын жұмыстар мен олардың қауіпсіздігін сақтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.