Республикалық «Махамбет оқуларына» 70 оқушы қатысуда

ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, облыстық Білім беру басқармасының ұйымдастыруымен еліміздің жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында республикалық «Махамбет оқулары» байқауы басталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, байқау ұлтына ұран болған ұлы ақынның рухы биік туындыларын насихаттап, олардың шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамдарын дамыту, тарихи деректер бойынша тұжырым жасай білуге үйрету мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Сондай-ақ, облыстық Білім беру басқармасы «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының директоры Руслан Сарбалин іс-шара арқылы әдеби мұралардың жүйелі оқылуын жолға қойып, бабалардың ерлік рухын сезіндіру арқылы азаматтық тәрбие беру көзделгенін айтып өтті.

– Бүгін дауылпаз ақын, батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Махамбет оқулары» байқауы басталды. Бұл іс-шара жас ұрпақ бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, жігерлі болуға тәрбиелейтін Махамбет бабамыздың шығармаларын, ақындық және күй өнерін дамытып, насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сайысқа еліміздің 14 өңірінен 70-ке жуық оқушы қатысуда. Оларға әділ бағасын беру үшін жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдар, педагогтар, білікті мамандар қазылар алқасының құрамына жиналды. Жалпы бұл байқау биыл М.Өтемісұлының 220 жылдығына орай республикалық көлемде алғаш рет өткізіліп отыр. Келер жылдары да дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жоспарлаудамыз, – деді Р.Сарбалин.

Байқау «Ұлы арман» – Махамбет шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу, «Ел құтқарар ер едім…» атты ақын шығармаларын жатқа оқу, «Шашақты найза, шалқар күй» – Махамбет күйлерін орындау және «Тартынбай сөйлер асылмын…» – жас ақындардың өз туындыларын мәнерлеп оқу конкурсы мен «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер» атты «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар» тақырыбының бірінен шығармашылық жұмыс қорғау сынды бес бағыт бойынша өткізілуде.

Айта кетейік, сайыстың қорытындыланып, байқау жүлдегерлерін марапаттау кеші 30 қараша күні Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп гимназиясында өтеді.