Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты

Бүгін таңда Алматыда хостелдердің бірінде өрт болып, оқиға орнынан 13 адамның денесі табылды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Әди Шәріпов көшесіндегі хостелдердің бірінде болған.

«30 қарашада сағат 5:33-те Әди Шәріпов көшесіндегі өрт туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы оқиға орнына 7 минут ішінде жетті. Олар барған кезде үш қабатты тұрғын үйдің жертөлесінің жанып жатқанын көрген, ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесі хостел ретінде жабдықталған. Өртті барлау және сөндіру кезінде 13 адамның денесі табылды, аты-жөндері анықталып жатыр» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Әзірге толық емес ақпарат бойынша, олар газдан уланып қайтыс болған болуы мүмкін. Нақты себебі анықталып жатқаны хабарланды. Хостелде 72 адам болған, 59 адам өздігімен сыртқа шығып кеткен.

Ақпаратқа қарағанда, өрт 6:22-де сөндірілген. Өрт аумағы – 30 шаршы метр. Қазіргі ақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Сөндіруге 46 адам және 13 техника жұмылдырылған.