Жылыой ауданында қос саябақ ашылды

Құлсары қаласының 7-ықшамауданында «Ынтымақ» саябағы және Тұрғызба ауылында «Жастар» саябағы халық игілігіне берілді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған саябақтарды «Орталық Азияның Еуразия қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен ауыл тұрғындары өз күштерімен салып отыр.

– Бұл жобаға биыл үшінші рет қатысып отырмын. Ауылымызды көркейтуге арналған осындай жобаның жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. Осы жолы ауыл тұрғындарының бос уақыттарын жақсы өткізуі үшін осындай «Жастар» саябағын салдық. Ауыл жастарының сүйікті орнына айналатынына сенемін,  – деді ауыл тұрғыны Мұратбек Ағылов.

Саябақтардың іші жарықтандырылып, тас төселген және орындықтар қойылған. Сондай-ақ, «Жастар» саябағына түрлі жеміс талдары егіліп, абаттандырылған болса, «Ынтымақ» саябағына спортпен шұғылдануға арналған құрылғылар қойылған.