Спорт - 28.11.2023

Студенттер арасында волейболдан «ASU Cup» турнирі басталды

Бүгін «Atyrau Students Union» жобасы аясында облысымыздың белсенді студенттері арасында волейболдан «ASU Cup» атты турнир басталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Іс-шараны облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Аталған бірлестіктің ұйымдастырушысы Ерболат Балабаевтың айтуынша, бұл іс-шара жастардың басын бір арнаға біріктіру мақсатында өткізілуде.

– Біз 2017 жылы «Atyrau Students Union» атты облыстық деңгейдегі студенттердің бір арнаға тоғыстыру мақсатында ұйым ашқан болатынбыз. Сол жобаның төңірінде алғаш рет осы «ASU Cup» волейбол турнирін ұйымдастырдық. Жалпы, волейбол бұл жерде себепкер. Негізгі мақсатымыз — әр оқу орнындағы белсенді студенттердің басын қосып, бір-бірімен кездестіріп, араластыру. Осы мақсатта күні бүгінге деін бірқатар жобаларды өткіздік. Атап айтсақ, студенттер арасында күрестен «Студент барысын» өткізген болатынбыз. Және шахматтан дәстүрлі түрде жарыс жыл сайын өтіп отырады. Бұл іс-шараларды ұйымдастыру нәтижесінде бүгінде өңір жастары бір-бірімен тығыз байланыста, – деді Е.Балабаев.

Турнирге өңірдегі жоғарғы, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттік парламент мүшелері, яғни, жастар ісі комитеті мамандары, студенттік көшбасшылардан құралған барлығы 14 команда қатысып, 100-ден астам студент атсалысуда.

Турнирдің финалы 29 қараша күні өтіп, жеңімпаздар анықталады.