Камералдық бақылау нәтижесінде салық төлеушілерге 8523 хабарлама жіберілді

Биыл Атырау қаласы бойынша камералдық бақылау нәтижесінде салық төлеушілерге 8523 хабарлама жіберілді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының Заңды тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Анар Өтепқалиева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарлама салық төлеушіге отыз жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орындау үшін жіберілетінін мәлімдеді.

Камералдық бақылаудың мақсаты – салық төлеушіні салық органдарында тіркеу есебіне қою немесе оған Салық кодексінің 96-бабына сәйкес салық есептілігін ұсыну. Сондай-ақ салық төлеушіге бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жолымен камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру.

– Биыл камералдық бақылау нәтижелері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасынан салық төлеушілерге 8523 хабарлама жолданды. Камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган белгілейді. Жыл басынан жолданған 8 523 хабарламалардың бұзушылық жалпы сомасы – 203 млрд 270 млн теңге. Оның ішінде расталған кемшілік сома көлемі 55 млрд 583 млн теңгені құраса, расталмаған кемшілік сома көлемі 114 млрд 79 млн теңге болады. Ал жіберілген хабарламалар бойынша салық төлеушілер тарапынан 13 млрд 884 млн теңге төленді, –  деді А.Өтепқалиева.

Айта кетейік, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды салық төлеуші оны тапсырған немесе алған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асыруы керек.