Аймақ - 27.11.2023

Атырауда 190 сиыр, 767 қой-ешкі және 4 түйе бруцеллез жұқтырған

Биыл Атырау облысы бойынша үй жануарларынан түрлі ауруларға қарсы 7 689 сынама алынды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Республикалық ветеринарлық зертханасы» Атырау облыстық филиалының басшысы Айжан Дәулетиярова мәлім етті.

– Жыл сайын жануарлардың аса қауіпті ауруларына серологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық, паразитологиялық зерттеулер жүргізіліп отырады.

Осы жылдың 10 айында бруцеллез ауруына 237 633 мүйізді ірі қара, 694 942 қой-ешкі, 27 593 түйе малдары тексерілді. Нәтижесінде 190 мүйізді ірі қара, 767 қой-ешкі және 4 түйе малының талдауы оң нәтиже берді. Сонымен қатар, 4000 қой-ешкіден инфекциялық эпидидимитке тексеріліп, нәтижесі таза болды. Оған қоса жоғарыда аталған малдар сібір жарасына, қарасанға, пастереллезге, листериозға, брадзотқа және анаэробтық энтеротоксемияға тексеріліп, нәтижесі таза шықты, – деді А.Дәулетиярова.

Сонымен қатар, А.Дәулетиярова биыл облыстағы кожалықтарға мал өсіріп және көбейту мақсатында облыс аумағына көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және басқа да облыстардан мал тасымалданып жатқанын жеткізді.

– Тасымалданып жатқан малдардың сау екенін тексеру үшін түрлі талдаулар жасалады. Айталық мүйізді ірі қара малының қан сынамаларын бруцеллез, лейкоз, хламидиоз, лептоспироз, паратуберкулез, кампилобактериоз бойынша, ал қой-ешкіні бруцеллез, косымша инфекциялық эпидидимитке тексерсек, түйе малы бруцеллезге, ал жылқы малын киіңкі ауруына тексеріп, оң нәтиже шыққан жағдайда қорытындысы сол күні міндетті түрде инспекцияға жолданады, – деді ол.

Осы жылдың 10 айында «Жануарлар ауруларының диагностикасы» зертханасы бойынша 7 689 сынамаға 11 758 зерттеу жүргізіліп, оның ішінен 26 сынама, атап айтқанда: бруцеллезге 21, хламидиозға 4, лейкозға 1 сынама оң нәтиже берген. Аудандық (қалалық) аумақтық инспекция мамандары ауырған малдарға тиісті ветеринариялық-санитариялық шаралар жүргізіп отыр.