Атырауда 260 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды

Биыл Атырау облысы бойынша 210 мың гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскесін мемлекетке қайтару тапсырмасы берілген еді. Аталған тапсырма бойынша күні бүгінде Атырау облысы жоспарды артығымен орындап, барлығы 260 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып отыр, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке келген Атырау облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Гүлзия Құрманованың айтуынша, жыл басынан бері департамент мәрте 88 тексеру жұмыстарын жүргізген. Оның ішінде 85 рет жоспардан тыс тексеріс болған. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Атырау облысы бойынша басқармасы үш деректі тіркеп, профилактикалық тексеру жұмыстарын аяқтай жүргізген. Сондай-ақ, тексерңстің үшеуі тіркелмеген, ал бес жерде заңбұзушылық анықталмаған.

– Департамент ҚР Жер кодексінің 147 және 148-баптарына сәйкес Атырау облысы бойынша «Жер заңнамаларын бұзу» жөніндегі істерді қарайды. Осыған байланысты жер заңнамасын бұзушылық болған жағдайда оны жою үшін тексеру жұмыстары жүргізіледі. Биыл жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша жер учаскесін өз бетімен иелену және мақсатсыз пайдалану бойынша 83 заңбұзушылық анықталды. Соған сәйкес жер заңдылықтарының бұзылуын жою туралы орындалуға міндетті нұсқамалар табысталды. Тағы бір айта кететін жайт, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 338-бабының талабы бұзылуымен 21 жеке және заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, сәйкесінше қаулылар шығарылып, ескерту берілді. Сондай-ақ, 339-баптың талабы бұзылуымен 4 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша 51 мың 750 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Г.Құрманова.