Білім - 23.11.2023

Арнаулы мектеп-интернаттың құрылғанына 25 жыл толды

Атырауда Білім беру басқармасына қарасты арнаулы мектеп-интернаттың құрылғанына 25 жыл толуына орай «Арнайы білім беру: Сапалылық. Жаңашылдық. Кәсіби дағды» атты ашық алаң ұйымдастырылды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО. 

Арнаулы мектеп-интернат ерекше білім алуды қажет ететін оқушыларды өз мүмкіндіктеріне сенімді, түрлі мәселелерді өз бетінше шешуге қабілетті жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында қызмет етіп келеді.

Ашық алаңның мақсаты – ерекше​ ​ білімді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу үрдісіндегі​ ілгерілеушіліктерді, жаңашылдықты ортаға салып, педагогтер мен арнайы мамандардың тәжірибелерімен бөлісу. Іс-шараға ардагер ұстаздармен қатар түлектер де келді.

Сонымен қатар, іс-шара барысында ашық сабақтар мен​ тәрбиелік-танымдық​ сағаттар​ өткізіліп, «Әсемдік әлемі – балалар қолымен» көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Жүрекке жылу, санаға білім сыйлаған ұлағат ұясына – 25 жыл» атты мектеп шежіресі туралы​ арнайы шығарылған кітап таныстырылды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта мектеп-интернатта есту, көру қабілеті зақымдалған, психикалық дамуы тежелген 140 оқушы білім алуда.