Арнаулы мектеп-интернаттың құрылғанына 25 жыл толды
Атырауда Білім беру басқармасына қарасты арнаулы мектеп-интернаттың құрылғанына 25 жыл толуына орай «Арнайы білім беру: Сапалылық. Жаңашылдық. Кәсіби дағды» атты ашық алаң ұйымдастырылды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Арнаулы мектеп-интернат ерекше білім алуды қажет ететін оқушыларды өз мүмкіндіктеріне сенімді, түрлі мәселелерді өз бетінше шешуге қабілетті жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында қызмет етіп келеді.
Ашық алаңның мақсаты – ерекше білімді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу үрдісіндегі ілгерілеушіліктерді, жаңашылдықты ортаға салып, педагогтер мен арнайы мамандардың тәжірибелерімен бөлісу. Іс-шараға ардагер ұстаздармен қатар түлектер де келді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында ашық сабақтар мен тәрбиелік-танымдық сағаттар өткізіліп, «Әсемдік әлемі – балалар қолымен» көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Жүрекке жылу, санаға білім сыйлаған ұлағат ұясына – 25 жыл» атты мектеп шежіресі туралы арнайы шығарылған кітап таныстырылды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта мектеп-интернатта есту, көру қабілеті зақымдалған, психикалық дамуы тежелген 140 оқушы білім алуда.