Жастардың 96,7%-ы жұмыспен қамтылған

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистикалық бюросының 2023 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда 15-34 жас аралығындағы 3 667,7 мың жас маман экономикалық белсенді боп саналса, оның 3545,2 мыңы (96,7%) жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Сонымен қатар, NEET санатындағы жастардың үлесі үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша 7,1% немесе 381,7 мың адамды құрады.

Жастарды жұмыспен қамтамту үшін «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде төмендегідей қолдау шаралары қарастырылған.

Жыл басынан бері 289,4 мың жас Ұлттық жобаға қатысушы атанып, оның 200 мыңы жұмысқа орналастырылды.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама 2022 жылы 28,8 мың адамды қамтыса, 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жастар саны 30,4 мың адамды құрайды.

NEET жастарын аталмыш бағдарлама аясында қолдау бойынша «Алғашқы жұмыс» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. 2022 жылы бұл бағдарламада 806 мың адам болса, мәліметтер бойынша 3904 адамды қамтыды.

Жастардың мансаптық өсуі «Ұрпақтар келісімі» жобасы аясында зейнеткерлік жастағы адамдардың тәжірибесі мен білім-білік дағдыларын жас мамандарға беру арқылы да қамтамасыз етіледі. 2022 жылы бұл бағдарлама 551 адамды қамтыса, 2023 жылдың 1 қарашасына қатысушылар саны 442 адамды құрайды.

 

Анықтама:

Тұрақты жұмысқа 115,5 мың адам, жұмыспен қамтамасыз ету шараларына 84,5 мың адам қамтылды, оның ішінде:

— әлеуметтік жұмыс орындары – 5,8 мың адам;

— жастар тәжірибесі – 30,4 мың адам;

— қоғамдық жұмыстар – 39,3 мың адам;

«Алғашқы жұмыс» – 8,6 мың адам;

«Ұрпақтар келісімі» жобасы – 442 адам;

 «Бастау» бизнес жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүйесі автоматтандырылып, skills.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылды, бүгінгі таңда бұл оқумен 66,1 мың жас қамтылып, оның 47,6 мыңы сертификат алды.

Конкурстық комиссияның шешімі негізінде ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап жас кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес кәсіпорны) атынан уәкілетті агент арқылы шағын несиелер жылдық 2,5%-бен бизнес-жоспар үшін берілді. 9 қарашадағы жағдай бойынша AНК филиалдары бойынша 34,1 млрд теңгеге 7418 өтініш қабылданды. Барлығы 24,1 млрд теңгеге 5330 шағын несие мақұлданды.

Жұмыс күшінің дағдыларын дамыту шеңберінде білім беру ұйымдарында жұмыс берушілердің өтініші бойынша сұраныс дағдыларына оқыту, сондай-ақ тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік оқыту осы жылдың 1 қарашасында білім беру ұйымдарында оқуға 3756 адам, жұмыс берушінің жұмыс орнына 1014 адам қабылданды. Сондай-ақ, қысқа мерзімді онлайн оқытудың бірыңғай порталында 15 мың жас оқумен қамтылды, оның ішінде 13,3 мың адам оқуды аяқтап, сертификат алды.

Еліміздегі Жастар ресурстық орталықтарында 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еліміздің барлық өңірлерінен 220 мыңнан астам жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың түрлі бағыттары бойынша қажетті кеңестер алды.

2023 жылдың маусым айында жастар ресурстық орталықтары аудандар мен ауылдарды қамтитын «Tulga Bol» республикалық көшпелі жәрмеңкесін өткізсе, 14 маусымда республика бойынша базар орталықтарында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша бірыңғай кеңес өтті. Нәтижесінде, 7 мыңнан астам жасқа мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес берілді.

Сондай-ақ, Жастарды зерттеу орталығында жастарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар ететін «Jastarlive» телеграм-боты іске қосылды.