Атырау облысы 10 айда 9 млрд 135 млн 800 мың теңге көлемінде тауар өндірген

Жалпы республикалық көлемде Атырау облысының үлесі – 24%

Биыл қаңтар–қазан айларының есебі бойынша Атырау облысындағы өнеркәсіп орындары 9 млрд 135 млн 800 мың теңге сомасына тауар өндірген, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиев өнеркәсіп өндірісінің индексі 114,1% құрағанын жеткізді.

– Жалпы республикалық көлемде Атырау облысының үлесі – 24%. Өңірімізде өнеркәсіптің үлес салмағында едәуір орын алатын секциялар – тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу. Аталған сала үлесі – 92,4%, – деді Н.Құмарғалиев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 114,6% құраған. Бұл саланың басым бөлігін шикі мұнай және табиғи газ өндіру – 97%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 1,2%.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі 6,2%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау қызметі 0,9%, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметтер 0,5% құрап отыр.