ҚТЖ: Биыл Атырау–Ақтау бағытында жарты миллионға жуық жолаушы жүрген

Осы жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарымен 11 млн астам, ал қала маңы қатынасында 1,9 млн астам жолаушы тасымалданды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Жолаушыларды ең көп тасыған маршруттар қатарында Қарағанды – Алматы (2 млн жолаушы), Астана – Шымкент – Алматы (2,5 млн) пойыздары бар.

Атырау–Ақтау бағытында жарты миллионға жуық жолаушы жүрген. Сонымен қатар, осы аралықта Павлодар–Қостанай бағыты бойынша 590 мыңға жуық жолаушы қатынаған. Жалпы, осы жазда барлығы 4 миллион адам тасымалданды.

2023 жылы Алакөл бағытында 11 жолаушылар пойызы жүрді, оның тоғызы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ, екеуі – жеке тасымалдаушылар. Биыл алғаш рет елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін Тальго жайлы пойызымен «Астана – Достық» жазғы бағыты ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 143 пойыз жүреді, оның 105–і «Жолаушылар тасымалы» АҚ, 28-і жеке тасымалдаушыларға, 10-ы өзге де теміржол әкімшіліктеріне тиесілі. Осылардың 19 пойызы – «Тальго» вагондары, қалғандары-стандартты вагондар.