Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарына көгілдір отын жетті
Исатай ауданының Қызыл үй және Жасқайрат елдімекендерінде орталықтандырылған газбен жабдықтау құрылысы аяқталып, іске қосылды. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа сүйене отырып хабарлайды.
Жоба Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен іске асырылса, бас мердігер мекеме – «Байсын-А» ЖШС.
– Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарын газбен жабдықтау жұмыстары 2021 жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Жалпы ұзындығы 104,3 шақырым газ құбыры төселді. Сәйкесінше 500-ге жуық ауыл тұрғындары көгілдір отынның қызығын көретін болады, – деді Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков.
Айта кетейік, бүгінде Атырау облысы халқының газбен қамтылу деңгейі 99,8 % жетіп отыр.