Қайтыс болған кеншілердің мүрдесі түгел табылды

Костенко атындағы шахтада болған жарылыста қайтыс болған ең соңғы кеншінің мүрдесі жер бетіне шығарылды. Мәйіт 6 қараша күні кешкі 20:00 шамасында табылған. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

Құзырлы органдар қажетті тексерістерді жүргізіп, қаза тапқан жұмысшының Александр Прокудин екенін анықтаған.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазан күні Атырау уақытымен түнгі сағат 01:33-те «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты Костенко шахтасында болған жарылыс кезінде 252 кенші жұмыста жүрген. Оның 206-сы сыртқа шығып үлгерген. Ал осы күнге дейін жер астында қалғандардың 45-і өлі табылып, бір жұмысшыға іздеу жарияланған еді. Бір аптадан аса уақыт өткен соң ең соңғы жұмысшының да мүрдесі анықталып отыр.

Төтенше жағдайдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты тұлғаларға «Арселор Миттал» компаниясымен арадағы келісім-шартты бұзу туралы тапсырма берді.