«Нарын» халық аспаптар оркестрі – Павлодар сахнасында

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі гастрольдік сапар аясында Павлодар қаласында «Ұлы дала әуені» атты концерттік бағдарлама ұсынып, шығармаларын тарту етті. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО Өңірлік коммуникациялар қызметіне сүйене отырып хабарлайды.

Бағдарлама репертуарында Қ.Сағырбаев, Е.Айшуақұлы, М.Өтемісұлы, Ғ.Құрманғалиев, Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, Қ.Ахмедияров, Л.Хамиди, Е.Брусиловский, М.Меңкешов сынды танымал композиторлардың шығармалары орындалды.

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында өткен концертте Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі, оркестр дирижерлары мен жеке солистер асқан шеберлікпен өнер көрсетіп, павлодарлықтарға керемет көңіл-күй сыйлады.

Гастрольдік сапар М.Өтемісұлының 220 жылдығы мен Қ.Сағырбайұлының 200 жылдығы сынды мерекелерді республикалық деңгейде атап өту және олардың шығармашылығын кең көлемде насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Сондай-ақ іс-шара екі өңір арасындағы мәдени-рухани ынтымақтастықты арттыруға, қос аймақтың өнер ұжымдары арасында тұрақты әріптестік байланыс орнатуына үлкен үлес қоспақ.

Айта кетейік, бүгінде репертуарында 500-ден аса шығармашылығы бар ұжым Оңтүстік Корея, Венгрия, Ресей, Моңғолия сынды мемлекеттердің халықаралық ареналарында еліміздің мәдениеті мен өнерінің танылуына өз үлесін қосуда.