Исатай ауданы бес жедел жәрдем автокөлігімен толықты

Бүгін Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасановтың қатысуымен аудандық ауруханаға бес жедел жәрдем көлігі салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Соболь маркалы жол талғамайтын, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған автокөліктер науқастарға алғашқы көмек көрсетуге арналған.

– Денсаулық саласына қашан да жедел жәрдем көліктері қажет. Аудан игілігі үшін табысталып жатқан жедел-жәрдем көліктері халық денсаулығы үшін қызмет етсін. Бастысы — халық ауырмасын, дені сау ұрпағымыз көбейсін, – деді П.Хасанов.

Аталған көліктердің бірі аудан орталығының емханасына берілсе, бірі Қамысқала мен Жасқайрат ауылдарына, енді бірі Тұщықұдық пен Қызылүй және Айбас ауылдарын қамтиды. Сондай-ақ Исатай мен Зинеден ауылдарына және Жамбай мен Нарын ауылдарына бір-бір көліктен беріліп отыр.

Сондай-ақ, бұған дейін осындай маркалы автокөлік облыстық перинаталдық орталығына да табыс етілген болатын.

Айта кетейік, жедел жәрдем көліктері жергілікті бюджет есебінен, медициналық ұйымдардың сұранысына қарай алынып отыр.