Атырауда эхинококкоз ауруының 9 жағдайы тіркелді
Бүгінде облыс аумағында соңғы екі жылда эхинококкоз ауруының өсуі байқалады. Биылғы 9 айда 9 жағдай тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар арасында 3 жағдай тіркеліп отыр. Ал өткен жылдың осы мерзімінде 6 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар арасында 1 жағдай тіркелген. Бұл туралы Атырау облысы СЭБ департаменті инфекциялық және паразитариялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Жайнагүл Өтепқалиева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Аурудың негiзгi көзi — иттер, сирек жағдайда төбет тұқымдастар болып табылады (қасқырлар, шибөрiлер, сiлеусiндер, мысықтар). Олар эхинококкозбен зақымданған үй және жабайы жануарларды жеу кезінде ауруды жұқтырады. Эхинококкоздың клиникасы эхинококкты сары сулы iсiктiң орналасқан жерiне (бауыр, өкпе, көкбауыр және т.б) және аурудың ағымына байланысты. Бауыр эхинококкозында науқастардың жұмысқа қабiлетi төмендейдi, жалпы әлсiздiк, бас ауруы, бауырдың үлкеюi, оң жақ қабырғаның асты сыздап ауырып және онда ауырлық байқалады. Өкпе эхинококкозында тоқтаусыз жөтел, қан түкiру, кеуденiң ауырғаны байқалады, өкпеде сырыл пайда болады,- деді Ж.Өтепқалиева.
Сондай-ақ, оның айтуынша мидың, бүйректiң, көкбауырдың, кiшi жамбастағы және басқа да ағзалардағы эхинококкоздың клиникасы осы ағзалардың көлемді зақымдануы кезiнде байқалатын ауру белгiлерiне ұқсас келедi. Көп жағдайларда эхинококкок ісіктері профилактикалық медициналық тексерістер кезінде немесе басқа шағымдармен қаралған кездерде анықталып жатады. Ауру жұққан кезден бастап оның алғашқы белгiлерi бiлiнгенге дейiн кем дегенде жарты жыл, ал кейде 3 жылдан 10 жылға дейiн уақыт өтуi мүмкiн.
Айта кетейік, эхинококкозды емдеу тек қана стационарда жүргізіледі және ешқандай халықтық емдеу тәсілдері көмектеспейді. Ал емдеуді ерте бастаса нәтижесі де жақсы болады, аурудан тез сауығып кетуге мүмкіндік мол. Сондықтан, мамандар ауру белгілері пайда болған бойда уақыт жоғалтпай, дереу дәрігерге жүгінуге кеңес береді.