Костенко шахтасында қаза тапқандар саны 45-ке жетті
Қарағанды облысының Костенко шахтасында қаза тапғандар саны 45-ке жетті деп хабарлайды Kazinform ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 45 адамның денесі табылды, 1 кеншіні іздеу жалғасуда.
Жұмыстар бір-бірінен шамамен 6 км. қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесі ауданында жүргізілуде.
Кеншілер орналасуы мүмкін ықтимал учаскелерге тау-кен құтқарушыларының өтуінің барлық жолы пысықталуда.
Апаттың болжамды эпицентрін тексеру үшін ТЖ министрі Сырым Шәріпханов шахтаға түсті.
Тексеру барысында өрт пен жарылыстың әсеріне ұшыраған қазбалар қаралды, онда:
— шахта жабдығының бұзылуы және жылжуы;
-металл-аркалы бекіту элементтеріндегі шаң шөгінділері;
— желдету құрылыстарының зақымдануы анықталды.
Көзге көрінетін жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты.
Сонымен қатар, Сырым Шәріпханов аварияны тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелерімен отырыс өткізді.
Жұмыстарды жан-жақты қамтамасыз ету Төтенше жағдайлар министрінің жеке бақылауында. Жұмыс жалғасуда.
Айта кетейік, 28 қазан сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды.
29 қазан Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.