Нашақорлықты жою бағытында үшжақты меморандумға қол қойылды

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы, Полиция департаменті және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің бас маманы Айгерім Құрманберлиева меморандумның маңыздылығына тоқталды.

— Бұл жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының бастамасымен «Жаңа уақыт» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен нашақорлықтың алдын-алу мақсатында өткізілуде. Жоба аясында бірқатар кешенді жобалар жүзеге асырылады. Біріншісі, IT, заңгер мамандығында оқып жүрген студенттер арасында киберволонтерларды оқытып, оларды құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс жасауға бағыттау. Екіншісі, телеграмда анонимді бот жасақтау. Яғни нашақорлық жолына түскен жастар мамандарға анонимді сұрақ қою арқылы өздеріне тиісті жауап ала алады. Үшіншісі, волонтерлар нашақорлар көп шоғырланатын жердің карталарын жасақтайды. Сол карталар арқылы аталған мәселенің алдын аламыз деген мақсатымыз бар,-деді А.Құрманберлиева.

Сондай-ақ, өңірдегі IT саласында студенттерді оқытатын іргелі оқу орны — Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті екенін, сондықтан бұл жоба бойынша бірігіп атқарылар жұмыстар өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.

 

Дереккөз: БАТЫС.ИНФО