Жаңалықтар - 14.10.2023

Атырауда өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыс өтті

Құтқарушылар күні мерекесіне орай І дәрежелі «Айбын» орденінің иегері — Асқар Забикулинді еске алуға арналған өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыс өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Шараны Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Тілекқабыл Досмағанбетов ашып, қызметкерлерге сәттілік пен жоғары спорттық көрсеткіштер көрсетуін тіледі.

Сайысқа 15 команда, 78 қызметкер қатысты. Жарыс үш кезең бойынша яғни, «Шабуыл сатысымен оқу мұнарасының 4-қабатына көтерілу», «Кедергілері бар 100 метр жолақтан өту», «Жауынгерлік қанат жаю» кезеңдері бағытында өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша, жалпыкомандалық есепте Атырау қаласы №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды – №14 өрт сөндіру бөлімі командасы, үшінші орынды – №5 өрт сөндіру бөлімі командасы иеленді.