«Әлем ғылымындағы ортақ тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

«Бәйтерек аясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Н.Балғынбаев атындағы даму орталығында көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы Ғаділше Наурызалиннің туғанына 85 жыл толуына арналған «Әлем ғылымындағы ортақ тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға экономика ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Рзағалиев, ҚР мұнай өнеркәсібінің қайраткері Мендеш Салықов, жазушы Мақсат Тәж-Мұрат және еліміздің өзге облыстарынан профессорлар, ғылым докторлары, ғалымның ұрпақтары қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік конференция шымылдығы Ғаділше Наурызалиннің өмір жолын өрнектеген «Әлем ғылымына ортақ тұлға» кітабының тұсаукесерімен басталды.

Ғаділше Наурызалин — көрнекті ғалым, ғылым докторы. Ылғал өткізбейтін, шексіз пайдалануға жарайтын мұнай саласына арналған озық технологиялардың авторы. Ашқан жаңалықтары Ресей, Швейцарияның халықаралық патенттер одағына тіркеліп, тиісті куәліктермен заңдастырылған.

— «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, мұнай-газ, физика, химия ғылымдарына өлшеусіз үлес қосқан төл перзентіміздің ғұмыры келер ұрпаққа үлгі. Әлемге аты танылған Ғаділше Наурызалиннің еңбегін ескеру — бізге парыз,- деді Қ.Рзағалиев.

Конференция барысында ғалымның шетел тілдерін үйрену тәжірибесі, салыстырмалы зерттеу жұмыстары баяндалды. Ғалымның ізгі ғұмырын жаңғырту үшін ұсыныс, пікірлер айтылды.