ҚР ІІМ сарбаздың қазасына қатысты мәлімдеме жасады
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің қазасына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
«Осы факті бойынша Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу тәжірибелі қызметкерлерден құрылған жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазіргі уақытта оқиға орны қаралып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Айғақтар, атап айтқанда қаза тапқан әскери қызметшінің ұялы телефоны мен бейнебақылау камераларының жазбалары алынды.
Тергеу барысында қатардағы Сұлтановтың оқиға орнында жалғыз болғаны анықталды.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және тергеудің жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін Сұлтановтың әскери әріптестерінен, оның командирлерінен, басқа да адамдардан жауап алу, сондай-ақ тиісті кешенді сараптамалық зерттеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жәбірленуші тараптың уәждері де толық тексеріледі.
Тергеудің алдын ала нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы ерекше бақылауда»,-деді ҚР ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы Серікбай Құсайынов.
Қайғылы оқиға 9 қазан күні, түнгі сағат 01:00-де Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде болған еді. Мерзімді әскери қызметші, қатардағы сарбаз Қайсар Сұлтанов кезекшілік кезінде бекітілген штаттық қарудан өзінің басына жарақат салып, салдарынан қаза болды.