Бас прокурор: «Е-Превенция» қосымшасы енгізіледі

Елімізде «Е-Превенция» арнайы қосымшасы енгізіледі. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.

«Алкогольге жəне есірткіге тəуелді адамдарды есепке алу жəне медициналық-əлеуметтік оңалту амбулаториялық деңгейде 77 бастапқы психикалық денсаулық орталығында жəне ауылдағы 205 психикалық денсаулық кабинетінде жүзеге асырылады. Стационарлық көмек өңірлік психикалық денсаулық орталықтарында көрсетіледі. Есепке алынған адамдар жасаған қылмыстар (биыл 4 мыңнан астам қылмыс қайта жасалды) қоғамдық резонанс тудырады. Осы бағытта бүгін біз «Е-Превенция» арнайы қосымшасын енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз», — деді Берік Асылов жауабында.

Оның атап өтуінше, аталған қосымша пробация қызметтері мен функциялары есепке алынғандар контингентін бақылаумен байланысты уəкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыруға арналған.

«Бұл жүйе жұмыстағы, оның ішінде кəмелетке толмағандар арасындағы жəне оларға қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу мəселелеріндегі формализмді жоққа шығаруға мүмкіндік береді», — деді Бас прокурор.

Айта кетейік, Қазақстанда пробация қызметі есебінде 29 мыңнан астам сотталған адам тұр.

 

Фото bureau.kz сайтынан алынған.