Атырауда қарттар күніне орай мерекелік шара өтті
№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен 1 қазан-Қарттар күніне орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шара тарихи жәдігерлерден құралған көрмемен басталып, концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. №4 арнаулы қызметтер көрсету орталығы директорының орынбасары Марина Зайырова, бұл ізгі шара қазан айының соңына дейін жалғасып, қайырымдылық айы болатынын айтып өтті.
— Біздің мекемеде бүгінде 109 қызмет алушы бар, оның 46-сы мүгедектігі бар адам. 1 қазан қарттар күніне орай бүгін орталығымызда мерекелік іс-шара өткізіліп жатыр. Осындай мерекеде қарттарымыздың көңілін көтеріп, әсем көңіл-күй сыйлаған Атырау қаласының әкімдігіне алғысымызды айтамыз. Бұл 1 қазан ғана емес, 30 қазанға дейінгі аралық толықтай қайырылымдылық айы болып есептеледі. Осыған орай мәдени шараларды өткізу жөнінде көптеген жоспарымыз бар, — деді М.Зайырова.
Сондай-ақ, Атырау облысы Суьялар одағы, Сот әкімшілігі департаменті және Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалы басшылары мен төрағалары құттықтау сөз сөйлеп, орталыққа арнайы сый-сияпаттарын ұсынды. Сонымен қатар, Геолог ықшам ауданының белсенді жастары қайырымдылық түскі ас ұйымдастырды.
Қарттар үйінің тұрғыны Фоадия Ғатауллина ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
— Мен ең алдымен ұжымға рақмет айтқым келеді. Біздерді бағып, жағдайымызды жасап, үнемі көмектесіп жүретін барлық қызметкерге ризамыз. Бізде шынымен барлығы жақсы, қарнымыз тоқ. Осы концертті ұйымдастырып, арнайы келгендеріңіз үшін және үлкендерге көрсеткен құрметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Дендеріңіз сау болсын, ел аман, жұрт тыныш болғай, — деді Ф.Ғатауллина.
Айта кетейік, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№4 арнаулы қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Атырау қаласы әкімінің 06.09.1994 жылғы №138 шешімімен 50 орындық қалалық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі болып ашылған еді. 2001 жылдың 28 желтоқсан айында 100 орындық қосымша ғимарат салынды. Стандартқа сәйкес орталық тұрғындарына 7 қызмет түрі көрсетіледі. Олар: әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, психологиялық, еңбек, мәдени және құқықтық, экономикалық қызмет түрлері.
Бүгінде осы орталықта қызмет алушылардың ең үлкені — 86 жаста, ал кішісі — 35 жаста.