Атырауда 37 медициналық нысан салынады
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін жақсарту туралы баяндама жасады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 18 медициналық-санитарлық көмек нысанын салу қарастырылған. Оның 3-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал қалған 15 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады.
— Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 19 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 12 нысанның құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Ал 5 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады. Атырау қаласындағы «Өркен» және «Нұрсая» шағын аудандарында республикалық бюджеттен жоспарланған күніне 250 науқас қабылдайтын 2 емхананың құрылысын жеделдету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат қарастырып, құрылыс жұмыстарын бастадық» деді аймақ басшысы.
Медициналық техника сатып алу үшін биыл жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінді. Бұл медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейін 93,5%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.
«Биыл 6 ай қорытындысы бойынша 406 арыз-шағым келіп түскен, оның ішінде 74 шағым негізді, 73 шағым ішінара негізді, 259 шағым негізсіз деп анықталды. Бұл кемшіліктерді жою және алдын алу мақсатында жұмыстар жүріп жатыр. Медициналық-санитарлық көмек қолжетімділігін жақсарту, медициналық көмек сапасын арттыру шаралары жалғасын табады. Бұл мәселені өз бақылауыма алдым,- деді С.Шәпкенов.
Атырау облысы бойынша биыл жергілікті бюджет есебінен 39 медициналық жедел-жәрдем көлігі сатып алынған, олар желтоқсан айында жеткізіледі.
Атырау облысында 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша сақтандырылмаған азаматтар саны — 74 876 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,6%-ға төмен.
Республикалық бюджеттен амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 2023 жылға 5,6 млрд. теңге жоспарланып, дәрі-дәрмек жеткізілген.
Облыста медицина саласы бойынша кадр тапшылығы 185 маманды құраған болса, бүгінде 102 маман жұмысқа қабылданған. Мамандардың жетіспеушілігін жою үшін 2023 жылдан бастап кешенді шаралар жүзеге асуда.
Ал медициналық ұйымдардағы арыз-шағымдарды болдырмау мақсатында тәулік бойы қоңырау қабылдайтын колл-орталық қызметі іске қосылған (1309 нөмері бойынша) және ситуациялық орталық жұмысы жолға қойылыпты.