Атырау облысындағы мектептерге 15 автобус берілді
15 елдімекенде тұратын 600 оқушыны тасымалдау үшін сатып алынған көліктердің кілтін облыс әкімі Серік Шәпкенов салтанатты түрде табыс етті.
— Тұрғындармен өткен кездесулерде мектептерге автобус беру мәселесі жиі көтеріледі. Бүгін сол мәселенің шешімін тауып, Қазақстанда жасалған автобустарды тарту етіп отырмыз. Ең басты қоғам — балаларымыз. Олардың тиісті деңгейде білім мен тәрбие алуы үшін жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген бар. Сондықтан баланың балабақшаға баруынан бастап, мектептегі кезеңдерінде сапалы білім мен тәрбие беріп, қолайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Бәсекеге қабілетті ұлтты дайындауда, осы арқылы адами капиталды дамытуда ұстаздардың рөлі зор. Бұл ретте ұстаздарды алдағы мерекемен құттықтаймын. Бүгін берілген көліктер оқушылардың игілігіне бұйырсын! Балаларға жасалатын игі істер көп болсын,-деді С.Шәпкенов.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 60 елдімекенге қосымша 23 автобус сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді.
Айта кету керек, бүгін 23 автобустың 15-і табысталды. Қазан айында тағы 8 автобус жеткізіледі.
Жаңа автобустар «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйіне, тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернатына, Атырау облысы дарынды балаларға арналған Жылыой лицей-интернатына, Береке орта мектебіне, Еркінқала орта мектебіне, Талқайран орта мектебіне, Қ.Смағұлов орта мектебіне, Ж.Жабаев атындағы орта мектепке, Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы №19 орта мектепке, Индер ауданы, Елтай ауылдық округіндегі М.Сиранов атындағы орта мектебіне, Исатай ауданы, Аққыстау ауылы мектеп-гимназиясына, Қызылқоға ауданындағы Сағыз орта мектебіне, Құрманғазы ауданы, Жыланды ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектебіне, Мақат ауданы, С.Шәріпов атындағы Доссор мектеп интернатына және Махамбет ауданы, Д.Төленов атындағы орта мектепке берілді.
Мектеп автобустары Алматы қаласынан жеткізілді. Заманауи үлгіде жасалған көлік 36 орынға шақталған. Автобус ерекше балаларға арналған көтергішпен, бейнебақылау камерасымен, «cтоп» батырмасымен, салқындатқыш және жылыту пешімен жарақталған.